Фото: Павлодар облыстық ПД
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында тірі адамның ағзасына қатысты заңсыз мәміле жасауға оқталу дерегі бойынша қылмыстық іс келісімдік іс жүргізу тәртібімен қаралды. Бұл туралы Qazaqtoday.info ақпарат порталы хабарлайды.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2024 жылы Ресей Федерациясының азаматшасы жеке пайда табу мақсатында Telegram мессенджері арқылы бүйрегін 50 мың АҚШ долларына сатуға келісім бергені анықталған.
Ал 2025 жылы күдікті Қазақстан Республикасына келіп, медициналық тексеруден өткен. Сондай-ақ ол алдын ала 5 миллион теңге көлемінде ақша алған. Алайда көп ұзамай полиция қызметкерлері тарапынан ұсталған. Қылмыс айыпталушыға тәуелсіз мән-жайларға байланысты соңына дейін жеткізілмеген.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді. Сонымен қатар оның қарауында кәмелетке толмаған балалары бар екені ескеріліп, сот 10 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Күзетпен ұстауда болған уақыты жаза мерзіміне есептеліп, сотталған әйел сот залынан босатылды.
