Дінмұхаммед Қонаевтың қарындасы бақилық болды

Фото: imbb.org.kz

Қазақ КСР Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болған Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы, көрнекті ғалым-биолог Рауза Қонаева 92 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Д.А. Қонаев атындағы Халықаралық қор хабарлады.

Рауза Минлиахмедқызы Қонаева 1934 жылғы 10 сәуірде Алматы облысы Шілік ауылында туған. Ол Минлиахмед пен Зауре Қонаевтар әулетіндегі он бірінші, кенже перзент болған.

Отбасындағы үлкен балалармен жас айырмашылығы едәуір еді. Мәселен, әпкесі Амина одан 27 жас үлкен болса, ағасы Аскар Минлиахмедұлы Рауза Қонаевадан бес жасқа үлкен болған.

Ғалым Алматы қаласындағы №28, №10 және №36 мектептерде білім алды. 1952 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биология-топырақтану факультетіне оқуға түсіп, 1956 жылы жоғары оқу орнын тәмамдады.

1957 жылдан бастап 2016 жылға дейін Қазақстан Ғылым академиясы жүйесінде еңбек етті. Осы жылдар аралығында Биохимия институтында (1957–1983), кейін Молекулалық биология және биохимия институтында (1983–2016) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Рауза Қонаева – еңбектері Қазақстаннан тыс елдерге де кеңінен танылған, биология ғылымы саласындағы ірі ғалым. Әріптестері оны зиялылығымен, қарапайым болмысымен, адамгершілігімен және жанашыр мінезімен ерекше құрметтеген.

Рауза Минлиахмедқызы республикаға белгілі заңгер Мұрат Баймахановтың жұбайы болған. Олардың қызы Дина Мұратқызы Баймаханова әке жолын жалғап, заң саласында биік белеске көтерілді. Ол – заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика