Қазақ модель қыз Бали аралында қамауға алынды (ВИДЕО)

Фото: aif.ru

Модель ресейлік блогерге шабуыл жасады деген күдікпен ұсталған. Модель Гүлсезім Алтайбекова Индонезияның Бали аралында ресейлік блогер әрі фотограф Карина Фадееваға шабуыл жасады деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы aif.ru жазды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Smartnews сайтына сілтеме жасап.

Карина Фадееваның айтуынша, Гүлсезім Алтайбековаға ресми түрде күдікті мәртебесі берілген. Индонезия заңнамасына сәйкес, ол сот шешімі шыққанға дейін 60 тәулікке дейін қамауда отырады. Оқиға 10 қаңтарға қараған түні Бали аралының Бадунг ауданындағы жағажай барларының бірінде болған.

Фадееваның сөзінше, оған ауыр зат – әйнек бөтелке немесе металл үстел шамы лақтырылып, салдарынан басынан ауыр жарақат алған. Соққыдан кейін ол есінен танып, басы мен ерні жарылып, бір құлағының есту қабілеті ішінара төмендеген. Зардап шеккен блогер жанжалға қатыспағанын және көрші үстелде отырған компаниямен ешқандай байланысы болмағанын айтады. Медициналық көмек оқиға орнында көрсетіліп, жарақаттары тігілген.

Алынған жарақаттар медициналық қорытындыда және полиция материалдарында тіркелген. Кейінірек Гүлсезім Алтайбекованың өкілі кешірім сұрағанымен, Карина Фадееваның айтуынша, келтірілген шығынды өтеуден бас тартқан. Оқиғаға байланысты бар әкімшілігі де мәлімдеме жасап, жанжал блогер тарапынан басталған болуы мүмкін екенін алға тартты.

Мекеме өкілдерінің сөзінше, жарақаттаған зат жауап ретінде лақтырылып, Фадееваның басына кездейсоқ тиген. Сондай-ақ бар әкімшілігі жедел жәрдем шақырылып, емдеу шығындарының толық өтелгенін айтып, жалған ақпарат таратпауға шақырды. Ал Карина Фадеева өз кезегінде барлық мәлімдемесі полиция материалдары мен бейнежазбалармен расталғанын, тек өзіне қатысты жайттарды ғана айтып отырғанын жеткізді.

Ашық дереккөздерге сәйкес, Гүлсезім Алтайбекова 2022 жылы «Мисс ТМД» байқауында Қазақстан атынан қатысқан. Әлеуметтік желілерде тараған қосымша мәліметтер, соның ішінде оның белгілі бір тізімдерге қатысы бары туралы ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика