Аустралияда 5 млн жасөспірімнің аккаунты өшірілді: Бұл тек бастамасы ма?

Аустралияда 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салатын заң күшіне енгеннен кейін бір айдың ішінде 5 миллионға жуық аккаунт бұғатталды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Бұл деректі елдің интернетті реттеуші органы eSafety ұсынды. Жаңа ережеге сәйкес, әлеуметтік желі платформалары кәмелетке толмаған пайдаланушылардың аккаунттарын жаппай өшіре бастады. Кейбір компаниялар бұл шектеуге дайындықты соңғы мерзімнен бірнеше апта бұрын бастап кеткен.

Егер платформалар бұл заң талаптарын орындамаса, оларға 49,5 миллион аустралиялық доллар (шамамен 33 миллион АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады. Бір ерекшелігі, жауапкершілік балаларға немесе олардың ата-аналарына емес, тікелей әлеуметтік желі иелеріне жүктеледі.

Мәселен, Meta компаниясының өзі Instagram, Facebook және Threads платформаларынан 550 мыңға жуық жасөспірімнің парақшасын өшіргенін мәлімдеді. Бұл талаптар YouTube, TikTok, Snapchat және X (бұрынғы Twitter) сияқты ірі желілерге де бірдей қолданылады.

Дегенмен, шектеудің толық орындалуына әлі уақыт керек сияқты. Электрондық қауіпсіздік жөніндегі комиссар Джули Инман Грант кейбір аккаунттардың әлі де белсенді екенін атап өтті.

«Кейбір кәмелетке толмағандардың аккаунттары әлі де жұмыс істеп тұр, сондықтан заңның толық орындалғаны туралы айтуға әлі ерте», — деді ол.

Айта кетейік, Аустралия жасөспірімдердің әлеуметтік желіні қолдануына ресми түрде тыйым салған алғашқы ел болды. Енді психикалық денсаулық саласының мамандары бұл шешімнің ұзақ мерзімді салдарын анықтау үшін бірнеше жылға созылатын зерттеу бастайды.

Фото: Азертадж

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика