Қазақстаннан экспортталатын мұнай көлемінің қысқаруы Еуропада «қара алтын» тапшылығын тудырып, бағаның күрт өсуіне әкелді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, басты себеп – Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы экспортталатын CPC Blend сортының жетіспеушілігі. Қазір мұнай нарыққа кешігіп жеткізіліп жатыр. Бұған қоса Ливиядағы іркілістер де жағдайды ушықтыра түскен.
«Агенттік мәліметінше, Еуропадағы мұнай қазір үстеме бағамен саудаланып жатыр. Brent бағасын қалыптастыру үшін маңызды саналатын WTI Midland сорты 13 қаңтарда базалық бағадан екі доллар 90 центке қымбат сатылды. Мұндай көрсеткіш бір жылдан астам уақыт болмаған. Сондай-ақ Azeri Light сорты да жылдық максимумға дейін қымбаттады. Мұнай өңдеушілер CPC Blend жоқ кезде осы сорттарды таңдайды», – делінген жарияланымда.
Нарықта күкірті аз («тәтті») мұнайға сұраныс оның тапшылығы аясында артып отыр. Сонымен бірге, нарықта ауыр сорттар, соның ішінде Венесуэла мұнайы шамадан тыс көп. Мұндай теңгерімсіздік аймақтар арасындағы алшақтықты күшейтеді: Еуропа тапшылықтан зардап шексе, Азия жеңілдікпен сатылатын мұнайды алуды жалғастыруда.
Агенттік дерегінше, қаңтарда жөнелтілген мұнай көлемі жоспарланған межеден екі есеге жуық аз болған. Қыркүйек айымен салыстырғанда төмендеу тәулігіне 900 мың баррельді құрады.
Бұған ауа райының қолайсыздығы, жабдықтарды жөндеу және КҚК терминалына жасалған дрон шабуылдарының салдары себеп болған.
Фото: Envato Elements
