«Мөлшерлеме түспейді»: Сарапшы Ұлттық банктің шешіміне қатысты болжам жасады

2026 жылдың 23 қаңтарында Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша жылдың алғашқы шешімін қабылдайды. Сарапшының болжауынша, жоғары инфляция мен алдағы тарифтердің өсуіне байланысты мөлшерлеме 18% деңгейінде сақталуы ықтимал, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Әйгерім Ілиясованың айтуынша, 2026 жылы Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша сегіз шешім қабылдайды. Оның төртеуі макроэкономикалық көрсеткіштердің қысқа және орта мерзімді болжамдары негізінде жасалады.

Сарапшы инфляция деңгейі неғұрлым жоғары болса, базалық мөлшерлеменің де соғұрлым жоғары ұсталатынын түсіндірді. 2025 жылы инфляция 12,3%-ды құрады. Бұл Ұлттық банк белгілеген 5%-дық межелі көрсеткіштен екі еседен де көп.

«Биыл инфляциялық күтулерді наурыздан кейін коммуналдық тарифтердің көтерілуі ушықтырады. Сондай-ақ жанар-жағармай материалдары бағасының біртіндеп өсуі күтіледі. Себебі 2027 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық кеңес қол қойған мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы шарт күшіне енеді», — дейді Әйгерім Ілиясова.

Дегенмен, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов өткен жылдың соңында «барлық шаралар іске асырылып, инфляция мен инфляциялық күтулер төмендеген сайын» базалық мөлшерлемені кезең-кезеңімен төмендету туралы мәлімдеген болатын. Ұлттық банктің 2025 жылғы 28 қарашадағы баспасөз хабарламасына сәйкес, ақша-несие саясатын жұмсартуды 2026 жылдың екінші жартыжылдығынан ерте талқылау мүмкін емес.

Сарапшының пікірінше, бұл келесі жағдайлар орындалғанда ғана мүмкін болады:

«Инфляция мен инфляциялық күтулер төмендесе; тұтынушылық несиелеу бәсеңдесе; тарифтерді көтеру процесі дұрыс жүргізілсе; 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру бағдарламасы іске аса бастаса, мөлшерлемені төмендетуге болады».

Осылайша, сарапшы жоғары инфляцияны, тарифтер мен ЖЖМ бағасының алдағы өсімін, сондай-ақ инфляциялық күтулерге қатысты тәуекелдерді ескере отырып, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтайды деп болжайды.

Фото: ЖИ

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика