Иран өз әуе кеңістігін азаматтық ұшақтар үшін толықтай жауып, әуе қорғанысы күштерін жоғары дайындыққа келтірді. Бұл жағдайдан кейін Ұлыбритания мен АҚШ шұғыл шаралар қабылдай бастады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ислам сақшылары армиясы корпусының (ИСАК) аэроғарыш күштері мен елдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері толықтай жауынгерлік дайындыққа көшірілгені хабарланды. Бұл — аймақтағы әскери шиеленістің ушыққанын білдіреді.
Осыған байланысты Ұлыбритания Тегерандағы елшілігін жауып, барлық қызметкерін шұғыл түрде эвакуациялады. Ал Америка Құрама Штаттары Катарда орналасқан «Әл-Удейд» әуе базасындағы қызметкерлерінің санын азайтуға кірісті.
«Әл-Удейд» – АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең маңызды әскери нысандарының бірі. Бұл базада 10 мыңға жуық әскери және азаматтық қызметкер тұрақты түрде орналасқан.
Бұған дейін Иран билігі АҚШ тарапынан кез келген шабуыл жасалса, аймақтағы америкалық әскери базаларға соққы беретінін бірнеше рет ескерткен болатын.
