«Біз бармыз, аманбыз»: Тұрсын Алагөзовтің бірінші әйелі Назира Бақаеваға қолдау көрсетті

Фото: видеодан скрин

Кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің бұрынғы жұбайы Ляйсира Марат режиссер Ақан Сатаевтың экс-жары Назира Бақаеваның қоғам алдына ашық шығуын қолдап, оны сынағандарға жауап қатты. Ол бұл туралы әлеуметтік желіде жазба жариялағанын Qazaqtoday.info ақпарат порталы хабарлайды.

Ляйсира Мараттың айтуынша, көптеген әйелдер белгілі бір себептермен ұзақ уақыт бойы үнсіз қалуға мәжбүр болады. Ал мұндай әңгімелердің дәл қазір айтылуы – заңды әрі табиғи үдеріс. Оның пікірінше, бұл – аяқ астынан қабылданған шешім емес, жылдар бойғы ішкі жан арпалысының нәтижесі.

Еске салайық, Назира Бақаеваның сұхбатынан кейін әлеуметтік желіде түрлі сын пікірлер көбейген. Көпшілік «неге дәл қазір айтты», «бұрынғы жұбайының жаңа отбасы бар кезде мұның қажеті бар ма?» деген сауалдар көтерген. Алайда Ляйсира Марат мұндай пайыммен келіспейтінін ашық білдірді.

Оның жазуынша, Назира Бақаева бұл қадамға бір күнде келген жоқ. Керісінше, ол жылдар бойы жан жарасын жеңіп, өз өміріне жауап іздеген.

«Меніңше, Назира осы уақыт ішінде үлкен рухани жолдан өтті. Оның әр сөзінен терең сезім байқалады. Ол ұмыт қалуға мәжбүр болған ішкі құрсауды бұзып, өзіне мұқтаж жандарға жол ашты. Біз бармыз. Біз аман қалдық. Демек, бұл – жарық пен махаббатқа толы екінші өмір», – деп жазды ол.

Сондай-ақ Ляйсира Марат әйел адамның бастан өткергенін айтуы ешқашан «біреудің тыныштығын бұзу» деп бағаланбауы керек екенін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай оқиғалар – жеке мәселе емес, көптеген әйелге ортақ тәжірибе.

Жазбада өзге де тағдырлар мысал ретінде келтірілген. Атап айтқанда, актриса Альмира Тұрсынның отбасылық өмірі еске алынса, сондай-ақ кәсіпкер Жұмабек Жанықұловтың экс-жұбайы Жаннаның ауыр кезеңдерді бастан өткергені де айтылған.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика