Атышулы маңғыстаулық блогер қамауға алынды
Фото: әлеуметтік желі
Маңғыстау облысында Instagram арқылы тауар сатуға қатысты алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Іс аясында блогер Салтанат Аманқосова ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Полиция мәліметінше, күдікті әлеуметтік желіде Қытайдан әкелінетін ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы нарықтағы бағадан едәуір арзанға сату туралы жарнамалар жариялаған. Тауарларды жарнамалауға 360 мыңнан астам оқырманы бар Instagram аккаунты тартылған.
Жарнамаларға сенген азаматтар көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, тауар ақысын жеке кәсіпкердің шотына аударған. Алайда тергеу нұсқасы бойынша, тапсырыстар жеткізілмей, түскен қаражат жеке мақсаттарға жұмсалған.
Қазіргі уақытта тауарларға ақша аударған жәбірленушілер анықталып жатыр. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы — «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Полиция істің барлық мән-жайын анықтап, өзге де ықтимал жәбірленушілерді іздестіріп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.
