Экономикалық шолушы Юрий Масанов Қазақстанға мыс өңдеудің жаңа ережелері не үшін қажет екенін түсіндірді
Фото: жеке парақшасынан
Қазақстанда мыс концентратын өңдеу тарифін айқындаудың жаңа әдістемесі қабылданды. Сарапшы Юрий Масанов бұл шешімнің әлемдік мыс нарығындағы белгісіздік күшейіп, өңдеу құнын қалыптастыру тәсілдері қайта қаралып жатқан кезеңде қабылдануының маңызына тоқталды, деп жазады Qazaqtoday.info сайты.
Масановтың айтуынша, биыл әлемдік нарықта мыс концентратын өңдеуге төленетін Treatment Charges (TC)көрсеткішінің жылдық бағдары алғаш рет нөлге дейін төмендеді. Ал споттық нарықтағы кейбір мөлшерлемелер теріс аймаққа түсті. Осыған байланысты нарық қатысушылары 2027 жылғы келісімшарттарда индекстік және гибридті баға белгілеу тетіктеріне көшу мүмкіндігін талқылап жатыр.
Сарапшы әлемдік нарықтағы болжамдардың да бір-біріне қайшы екенін атап өтті. Оның сөзінше, швейцариялық UBS инвестициялық банкі алдағы уақытта мыс тапшылығы сақталып, металл бағасы өсуі мүмкін деп күтсе, Халықаралық мыс зерттеу тобы 2027 жылы рафинирленген мыс нарығында профицит болуы ықтимал деген болжам жасап отыр.
Бұған қоса, өңдеу кәсіпорындарының өзінде де қиындықтар байқала бастаған. Масанов Оңтүстік Кореяның LS MnM компаниясы 19 қазанда өңдеу жағдайларының қолайсыздығына байланысты мыс концентратын сатып алу көлемі мен өндірістік жоспарларын қайта қарастыруы мүмкін екенін хабарлағанын мысалға келтірді.
«Нәтижесінде біз мынадай жағдайды көріп отырмыз: мыс бағасы жоғары деңгейде қалып отыр, әлемдік сала өңдеуге қатысты баға қалыптастыру қағидаларын қайта қарап жатыр, ал металлургиялық кәсіпорындар жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр. Осындай кезеңде Қазақстан мыс өңдеу құнын есептеудің өз ережесін бекітіп отыр», – деп жазды Юрий Масанов.
Оның пікірінше, мұнда тек әлемдік бағаға қарап шешім қабылдау жеткіліксіз. Қазақстанға өзінің металлургиялық базасын сақтап қана қоймай, оны жаңғыртып, жаңа өндірістер салу қажет. Ал мұндай жобалар жүздеген миллиард теңгені талап етеді және салынған инвестицияның қайтарымы ондаған жылға созылуы мүмкін.
Сондықтан сарапшы мемлекеттің мыс концентратын өңдеу құнын есептеудің дербес тетігін қалыптастыруын қисынды қадам деп санайды. Оның айтуынша, жаңа әдістеме әлемдік нарықтағы ағымдағы жағдаймен қатар отандық өнеркәсіптің ұзақмерзімді қажеттіліктерін де ескеруге тиіс.
Қабылданған әдістеме кәсіпорындардың жоспарлы шығындарын өтеу, есептердің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, бірыңғай тәсілді қолдану және бастапқы деректердің дұрыстығын сақтау қағидаттарына негізделген. Тарифті есептеу кезінде экономикалық негізделген шығындар, нормативтік пайда және инвестициялық құрамдас бөлік ескеріледі.
«Мұндай тәсіл өндірістік қызмет пен күрделі салымдарды жоспарлауға анағұрлым түсінікті негіз қалыптастырады. Бұл ретте әңгіме нарықтық механизмдерден бас тарту туралы емес. Қазақстан әлемдік мыс өнеркәсібінің бір бөлігі болып қала береді, өндірушілер де, өңдеушілер де халықаралық баға мен сұранысқа тәуелді. Бірақ ұлттық өнеркәсіп саясаты қазіргі халықаралық мөлшерлемелерді жай ғана қайталаумен шектелмеуі керек. Әсіресе әлемдік келісімшарттық баға белгілеу жүйесінің өзі өзгеріп жатқан кезде», – дейді сарапшы.
Масанов Қазақстанның айтарлықтай шикізат базасына ие болғанымен, металлургиялық қуаттардың дамуы ұзақ уақыт бойы кен өндіру қарқынынан артта қалып келгенін еске салды.
Қазір бұл жағдай біртіндеп өзгере бастаған. Қазақстанда жылына әрқайсысы 300 мың тонна катодты мыс өндіретін екі жаңа мыс балқыту зауытын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту жалғасуда.
Сарапшының пікірінше, жаңа зауыт салатынын жариялау жеткіліксіз. Мұндай жобаларды іске асыру үшін инвесторларға түсінікті әрі болжамды экономикалық жағдай қажет. Жеке капитал ондаған жылға есептелген ірі өндірістік жобаларға қаржы салғанда, оның қайтарым тетігін алдын ала түсінуі тиіс.
«Мен жаңа ережелерді металлургияда ұзақмерзімді инвестициялық ортаны қалыптастырудың маңызды элементі ретінде қарастырар едім. Әсіресе шетелдік кәсіпорындар қолайсыз өңдеу жағдайларына байланысты өндірістік жүктемесін азайту немесе жоспарларын қайта қарау қажеттілігімен бетпе-бет келіп жатқанын ескерсек, мұның маңызы арта түседі», – деп жазды Масанов.
Оның айтуынша, Қазақстан үшін қазіргі металлургиялық базаны сақтап қалу ғана емес, оны одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жасау да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, мыс концентратын өңдеу тарифін анықтаудың жаңа әдістемесі дер кезінде қабылданған және жүйелі қадам болып отыр.
Сарапшы әлемдік нарық алдағы уақытта әлі талай өзгеруі мүмкін екенін атап өтті. Алайда ішкі өнеркәсіпті дамытуға қажетті шешімдерді кейінге қалдыруға болмайды.
«Қазақстанның жаңа өндірістік сатыларды дамыту қажеттігін жылдар бойы талқылаудан нақты экономикалық жағдай қалыптастыруға көшкені жақсы. Әлемдік нарық әлі талай өзгереді, ал өз өнеркәсібімізді дамыту үшін шешімдерді бүгін қабылдау қажет», – деп түйіндеді Юрий Масанов.
