Негізгі мазмұнға өту
Сәрсенбі, 14 қазан 2026 $ 449,8↓€ 502,6↓₽ 5,36↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Үкімет ипотеканың бастапқы жарнасын төмендетуді тапсырды • Ыдысты түнде жуусыз қалдыру: қазақы ырымның мәні неде? • Маңғыстау облысында ботулизм диагнозымен ауруханаға түскен үш науқас үйлеріне шығарылды • Алматы әкімі Дархан Сатыбалды World Tennis Бас ассамблеясының отырысын ашты • Шерзод Давлатов дзюдодан әлемдік рейтингте үздік ондыққа енді • Үндістанда су астынан көне Пумпухар қаласының жәдігерлері табылды • Үкімет ипотеканың бастапқы жарнасын төмендетуді тапсырды • Ыдысты түнде жуусыз қалдыру: қазақы ырымның мәні неде? • Маңғыстау облысында ботулизм диагнозымен ауруханаға түскен үш науқас үйлеріне шығарылды • Алматы әкімі Дархан Сатыбалды World Tennis Бас ассамблеясының отырысын ашты • Шерзод Давлатов дзюдодан әлемдік рейтингте үздік ондыққа енді • Үндістанда су астынан көне Пумпухар қаласының жәдігерлері табылды •

    Ыдысты түнде жуусыз қалдыру: қазақы ырымның мәні неде?

    Қазақы ырым бойынша кешкі астан кейін ыдысты жуусыз қалдыруға болмайды. Бұл тыйымның астарында тазалық, ұқыптылық және отбасы берекесін сақтау жатыр.

    Ыдысты түнде жуусыз қалдыру: қазақы ырымның мәні неде?

    Сурет: ЖИ

    Кейде кешкі астан кейін ыдыс-аяқты жинауға ерініп, «ертең жуармын» деп қалдыра салатын кездер болады. Алайда үйде үлкен кісілер болса, мұндай әдетке көп жағдайда жол бермейді. «Ыдысты жуып қой», «Жумасаң да, жинап, бетін жауып қой» деп ескертіп жатады. Мұны жай ғана тазалыққа қатысты талап деп түсіну аздық етеді. Өйткені қазақ халқының тұрмысында ас ішкен ыдысты таза ұстауға байланысты өзіндік ырым-тыйымдар қалыптасқан.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Халқымыз кешкі астан кейін ыдыс-аяқты жуусыз, шашылған күйі қалдыру үйдің берекесіне кері әсер етеді деп қабылдаған. Ыдысты жумай, ашық қалдырса, үйдің құты қашып, ырысы кемиді, жоқшылыққа ұшыратады деген түсінік бар. Бұл ырымның астарында тазалыққа, ұқыптылыққа және отбасының берекесін сақтауға деген көзқарас жатыр. Ыдыс-аяқтың таза болуы – үй ішіндегі ұқыптылықтың, ал дастарқанның ретімен жиналуы – асқа деген құрметтің белгісі.

    «Ыдысты ашық қалдырма» – тыйымның мәні неде? Үлкендердің «Ыдысты жумасаң да, бетін жауып қой» деуінің де өзіндік себебі бар. Бұрынғы уақытта тоңазытқыш, жабық контейнер секілді тұрмыстық құралдар қазіргі кездегідей кең таралмаған. Дайын асты шаң-тозаңнан, шыбын-шіркейден және басқа да ластанудан қорғау үшін оның бетін жауып қойған. Ал тамақтың қалдығын ыдыста ұзақ уақыт қалдырмау тазалық сақтауға көмектескен.

    Уақыт өте келе мұндай тұрмыстық әдеттер ырым-тыйымдармен астасып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен. Үлкендердің күнделікті тұрмысқа қатысты айтқан сөздері көбіне тәрбиелік мақсатты көздеген. «Нанды баспа», «Дастарқанды баспа», «Асты төкпе», «Ыдысты жуусыз қалдырма» деген секілді тыйымдардың әрқайсысы белгілі бір әдетті қалыптастыруға бағытталған.

    Кешкі ыдысты жинау да адамның өзінен кейін тазалық қалдыруына, ортақ үй шаруасына үлес қосуына үйретеді. Әсіресе, отбасында бірнеше адам бірге тұрса, үйдің жинақы болуы бір адамның ғана емес, барлығының жауапкершілігіне байланысты. Ыдысты жуусыз қалдырмау туралы тыйым арқылы баланы жинақылыққа, тазалыққа және үй шаруасына жауапкершілікпен қарауға баулыған.

    Қазір де бұл дәстүрдің маңызы жоғалмағаны байқалады. Тұрмыстық техника мен уақыт үнемдейтін құралдар көбейгенімен, үйді таза ұстау, асқа құрметпен қарау және ортақ міндетті бөлісу қажеттілігі өзгерген жоқ.

    Ғылыми көзқарас тұрғысынан түнде жуылмай қалған ыдыста мына жағдайлар орын алады:

    • Бактерия мен микроағзалар көбейеді. Бөлме температурасы және тағам қалдықтары микробтардың көбеюіне алып келеді.
    • Тамақ қалдықтарының қатып қалуы. Бұл ыдысты жууда қиындық тудырады.
    • Ыдыстан жағымсыз иістің шығуы.

    Ырымды ұстану міндет пе? Әр отбасының ырым-тыйымға деген көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Бірі үлкендердің сөзін бұлжытпай орындаса, енді бірі оның астарындағы тәрбиелік мәніне көбірек көңіл бөледі. Қалай болғанда да, халықтық ырымды түсіндіру кезінде оны қорқыныш тудыратын талап ретінде емес, ата-бабадан жеткен тұрмыстық мәдениеттің бір бөлігі ретінде қарастырған жөн.

    Ыдысты жумай қалдырған адам міндетті түрде жоқшылыққа ұшырайды деу дұрыс емес. Бірақ ас ішкен соң ыдысты жинап, тамақ қалдығын тазалап, асүйді ретке келтіру – пайдалы әдет. Мұндай қарапайым әрекеттер үйдегі тазалықты сақтауға және отбасы мүшелерінің ортақ іске жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.

    Ыдысты міндетті түрде жуып жату керек деген ырым тек бізде ғана емес, өзге халықтарда да бар екен. Кейбір елдер біздің ырымға керісінше жүреді. Яғни ыдысты түнде жууға болмайды дейді. Көптеген белгілер мен наным-сенімдер мұны сиқырлық күштердің әсерімен байланыстырады. Мысалы, славян халқы түнде су перілері және сиқырлы таза емес күштер еркін жүреді, олар адамға үйдегі заттар арқылы зиян тигізуі мүмкін деп сенген.

    Фэн-шуй ілімі бойынша

    Ал енді қазіргі кездегі көп еститін, көпшілігіміз сеніп жататын фэн-шуй ілімі бойынша, ыдысты жумай түнге қалдыру:

    • Үйдің жайлылығын бұзады, сәттілік пен қаржылық жағдайға кедергі келтіреді.
    • Үйдегі адамдардың қарым қатынасына кері әсер етеді, әсіресе ерлі-зайыптылардың арасына.
    • Үйге жағымсыз энергетика шақырады.

    Мұндайды болдырмау үшін:

    • Ыдысты тамақ ішіп болған соң бірден жуып тастау ұсынылады.
    • Егер ыдыс ішіндегі тағам қалдығы қатып қалған немесе кетуі қиын болса, онда ертеңге қалдырған дұрыс. Тек ішіне су құйып, бетін жабуды ұмытпаңыз.

    Түнде ыдыс жуып болған соң, ас бөлмені міндетті түрде желдетіп алыңыз.

    Ыдыс-аяққа қатысты ырым-тыйымдар:

    • Егер көршілер тамақ әкелсе, ыдысын бос қайтармайды. Бос қайтару көргенсіздік болып саналады.
    • Бие сауатын көнекті төңкермейді және түбін таяқпен немесе қолмен ұруға болмайды. Ырыс-несібе кетеді.
    • Қазанды төңкеріп қойса, ырыс-несібе кетеді.
    • Ас ішкен ыдысты төңкеріп қоймайды. Ол ырысыңның таусылғанын білдіреді.
    • Сынық кесеге шай құюға болмайды. Бұл қонақты құрметтемеу болып саналады.
    • Ішінде не бары білінбейтін ыдыстан ішуге болмайды. Ақ шыныдан жасалған ыдыстан ғана ішеді.
    • Мыс және қола ыдыстарды тамаққа пайдалануға болмайды. Мұндай ыдыстарда тағам бүлінеді.
    • Пышақтың жүзі шалқасынан жатса, сол үйдің малы пышаққа ілінеді.
    • Жақын адамға пышақ сыйламайды. Егер жақын адамның пышағы өте ұнаса, оны ұрлап алады. Мұндай әрекет «Пышақтасып қалмасын» деген ырымнан туған.
    • Ошақты, ыдысты аттамайды.
    • Ыдыс түбіндегі тамақ біреудің кесе не аяғына құйылғанда тура толатын болса, сол адамның жары сұлу болады дейді.

    Дайындаған: Х. Орал

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →