Елена Рыбакинаға қатысты жайсыз хабар шықты
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA 1000 санатындағы Ухань турнирі өтетін аптада рейтингтегі 500 ұпайынан айырылады. Бұл туралы Qazaqtoday.info ақпарат порталы Tennis365 басылымына сілтеп хабарлады.
Рыбакинаның есебінен былтыр Нинбода өткен турнирде жеңіске жеткені үшін берілген ұпайлар алынып тасталады. Қазақстандық теннисші жарақатына байланысты Ухань жарысына қатыспайтындықтан, жоғалтқан ұпайларын осы аптада қайта толықтыру мүмкіндігі болмайды.
Tennis365 есебіне сәйкес, 500 ұпай шегерілгеннен кейін Рыбакинаның Арина Соболенкодан артықшылығы 2211 ұпайдан 1711 ұпайға дейін қысқарады. Ал Беларусь теннисшісі бұл аптада рейтингтік ұпай жоғалтпайды. Егер Соболенко Ухань турнирінде чемпион атанса, Рыбакинадан қалып қою көрсеткішін 711 ұпайға дейін азайта алады.
Рейтингтік өзгерістер басқа теннисшілерге де әсер етеді. Лейла Фернандестің былтыр Japan Open турниріндегі жеңісі үшін алған 250 ұпайы, ал Белинда Бенчичтің Нинбода ширек финалға шыққаны үшін есептелген 108 ұпайы шегеріледі.
Мирра Андреева мен Элина Свитолинаның бұрынғы нәтижелерінің орнына 10 ұпайдан есепке алынса, Ига Швёнтек пен Линда Носкова үшін бұл көрсеткіш бір ұпайдан болады. Аталған төрт теннисші бірінші айналымды өткізетіндіктен, Ухань турнирінде кемінде 10 рейтингтік ұпай алуға кепілдік берілген.
Ал Арина Соболенко, Джессика Пегула, Марта Костюк және Коко Гауфф бұл аптада рейтингтік ұпай жоғалтпайды. Гауффтың былтыр Ухань турнирінде топ жарғаны үшін алған 1000 ұпайы бұған дейін рейтингтен алынып тасталған.
Tennis365 мәліметінше, мұндай өзгерістер турнир күнтізбесінің жыл сайын бірдей аптаға сәйкес келе бермеуіне байланысты. Ухань жарысы 2025 жылы биылғыдан бір апта ерте өткен. Сол себепті қазір WTA рейтингінен күнтізбедегі осы кезеңге сәйкес келген былтырғы турнирлердің нәтижелері алынып жатыр. Олардың қатарында Нинбо мен Жапониядағы жарыстар бар.
Айта кетейік, WTA рейтингі теннисшілердің соңғы 52 аптадағы нәтижелері негізінде қалыптастырылады.
