Негізгі мазмұнға өту
Жұма, 2 қазан 2026 $ 440,3↑€ 498,3↓₽ 5,28↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Мемлекет басшысы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысын өткізді • «Қазақстан экономикасы үшін жаңа “кен орны” ашылғанмен бірдей» – Тоқтар Жақаш IT экспорты туралы • Тамирлан Тілеулес ел қоржынына тарихи алтын сыйлады • Бүгін футболан Ұлттық құрама Молдовамен кездеседі • Айбек Оралбай бокстан екінші алтынды қоржынға салды • Тоқаев технологиялық алпауыттардың AI жөніндегі келісімін жаһандық үлгі ретінде бағалады • Мемлекет басшысы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысын өткізді • «Қазақстан экономикасы үшін жаңа “кен орны” ашылғанмен бірдей» – Тоқтар Жақаш IT экспорты туралы • Тамирлан Тілеулес ел қоржынына тарихи алтын сыйлады • Бүгін футболан Ұлттық құрама Молдовамен кездеседі • Айбек Оралбай бокстан екінші алтынды қоржынға салды • Тоқаев технологиялық алпауыттардың AI жөніндегі келісімін жаһандық үлгі ретінде бағалады •

    «Қазақстан экономикасы үшін жаңа “кен орны” ашылғанмен бірдей» – Тоқтар Жақаш IT экспорты туралы

    «Қазақстан экономикасы үшін жаңа “кен орны” ашылғанмен бірдей» – Тоқтар Жақаш IT экспорты туралы

    Фото: жеке парақшасынан

    Қазақстанның IT-қызметтер экспортының 1 млрд доллардан асуы ел экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктің қалыптасқанын көрсетеді. Тоқтар Жақаш Астанада өткен AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында жарияланған көрсеткіштерге қатысты пікір білдіріп, цифрлық өнімдер болашақта Қазақстан экспортының маңызды бағыттарының біріне айналуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.

    1 қазанда форумда сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асқанын, ал отандық цифрлық шешімдер әлемнің 100-ден астам елінде қолданылып жатқанын мәлімдеді. Сонымен бірге Мемлекет басшысы инновациялық стартаптарды нақты қолдау және озық технологиялық жобаларды іске асыру қажет екенін атап өтті.

    Тоқтар Жақаш бұл көрсеткішке тек IT саласының жетістігі ретінде емес, Қазақстан экономикасының экспорттық құрылымын кеңейте алатын жаңа бағыт ретінде қарау керектігін айтады.

    «Астанада өткен AI & Digital Bridge форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды ақпаратты ортаға тастады: Қазақстанның IT-қызмет экспорты өткен жылы 1 миллиард доллардан асыпты. Біздің цифрлық өнімдерімізді қазір 100-ден астам ел пайдаланады екен. Осыны естіп, “шүкір, жаман емес екен” деп отыра беруге болмайды! Бұл – Қазақстан экономикасы үшін жаңа бір “кен орны” ашылғанмен бірдей», – деді ол.

    Форум барысында Президент жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту мәселесіне де тоқталды. Ол Дональд Трамптың бастамасымен жетекші америкалық технологиялық компаниялар қол қойған Суперинтеллект туралы келісімді атап өтіп, мұндай тәсіл жан-жақты талқылаудан кейін жаһандық деңгейде қолдануға болатын модельге айналуы мүмкін екенін айтты.

    Тоқтар Жақаштың пікірінше, Қазақстанның экспорттық мүмкіндігі дәстүрлі шикізат пен ауыл шаруашылығы өнімдерімен ғана шектелмеуі керек.

    «Бұрын “Қазақстан не экспорттайды?” десе, “мұнай, металл, астық” дейтінбіз. Енді оған IT өнімдерін де қосатын уақыт келді», – деді ол.

    Оның айтуынша, 1 млрд долларлық көрсеткіштің маңызы тек экспорт көлемінде емес. Қазақстандық технологиялық компаниялардың шетелдік нарықтарға шығып, өз өнімдерін жүзден астам мемлекетте қолдана бастауы елде жаңа экспорттық сектор қалыптасып келе жатқанын білдіреді.

    Президент те форумда қол жеткізілген нәтижелермен тоқтап қалмау керектігін айтып, экономиканың нақты қажеттіліктеріне негізделген индустриялық AI-міндеттердің тізімін әзірлеуді ұсынды. Соның негізінде қазақстандық және шетелдік командалардың қатысуымен AI Challenge өткізу ұсынылды. Тиімділігін дәлелдеген үздік жобаларды тікелей өндіріске енгізу көзделіп отыр.

    Тоқтар Жақаш дәл осы бастама жасанды интеллектіні теориялық талқылаудан нақты экономикалық құралға айналдыруға мүмкіндік береді деп есептейді.

    «Ең қызығы – Президент енді тоқтап қалмай, стартаптарды нақты қолдап, жасанды интеллектіні экономиканың нақты мәселелерін шешуге пайдалануды ұсынып отыр. AI Challenge өткізіп, жақсы жобаларды өндірістің өзіне енгізу туралы бастама да осыдан», – деді ол.

    Оның пікірінше, жасанды интеллектінің тиімділігі конференциялардағы пікірталастармен емес, оның нақты салалардағы нәтижесімен өлшенуі қажет.

    «Өйткені жасанды интеллект конференцияда көп сөздің бірі болып қалмауы керек. Ол зауытқа кіріп, өндірісті арзандатсын. Ауылға барып, шаруаның жұмысын жеңілдетсін. Медицинаға, білімге, бизнеске нақты пайдасын тигізсін», – деді Тоқтар Жақаш.

    Президенттің ресми баяндамасында да AI технологияларын өнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау, қаржы және мемлекеттік басқару секілді нақты секторларда қолдану қажеттігі айтылды. Мемлекет басшысы технологиялық серпіліс үшін инфрақұрылыммен қатар білікті инженерлер, ғалымдар мен кәсіпкерлер қажет екенін атап өтті.

    Тоқтар Жақаш бұл жағдайда отандық IT-компаниялар мен мамандарды қолдау ерекше маңызды деп санайды. Оның пікірінше, қазақстандық әзірлеушілер сыртқы нарықта бәсекеге түсе алатынын қазірдің өзінде көрсетті.

    «Ал қазақстандық IT компанияларға мүмкіндік керек. Өйткені біздің жігіттер мен қыздар әлемдік нарыққа шығатын зор қабілетін танытты. Енді оны барынша қолдауымыз қажет», – деді ол.

    Ол 1 млрд долларлық экспортты түпкі нәтиже емес, жаңа экономикалық бағыттың бастапқы кезеңі ретінде бағалайды.

    «1 миллиард доллар табыс – болашақ қадамның “біссіміллә” бастамасы. Бұл енді Қазақстанның сыртқа сататын экспорты – мұнай емес, металл емес, қазақстандық ақыл мен технология болуы әбден мүмкін», – деп түйіндеді Тоқтар Жақаш.

    Осылайша, форумда жарияланған көрсеткіштер Қазақстанның цифрлық өнімдерінің сыртқы нарыққа шығып жатқанын көрсетсе, AI Challenge, стартаптарды қолдау және жасанды интеллектіні өндірістің нақты міндеттеріне бейімдеу бастамалары бұл бағытты әрі қарай кеңейтуге арналған ұсыныстар ретінде жарияланды.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →