Тоқаев технологиялық алпауыттардың AI жөніндегі келісімін жаһандық үлгі ретінде бағалады
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында жасанды интеллектіні дамыту кезінде барынша жоғары жауапкершілік пен адалдық таныту қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы жаңа технологиялардың мүмкіндігі артқан сайын оларды қауіпсіз әрі жауапты басқарудың маңызы да күшейетінін атап өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Осы орайда Президент АҚШ-та жетекші технологиялық компаниялар арасында жасалған Суперинтеллект туралы келісімге назар аударды. Тоқаевтың пікірінше, мұндай тәсіл жан-жақты талқылаудан кейін жасанды интеллектіні басқарудың халықаралық деңгейдегі үлгісіне айналуы мүмкін.
«Жақында Президент Дональд Трамптың бастамасымен Американың жетекші технологиялық компаниялары Суперинтеллект туралы келісімге қол қойғанын атап өткім келеді. Менің ойымша, бұл тәсілді барлық мүдделі елдер үлгі ретінде қарастырып, жан-жақты талқылағаннан кейін жаһандық деңгейде қабылдауға болар еді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Google басшысы Сундар Пичаи, Anthropic компаниясының бас директоры Дарио Амодеи, Meta басшысы Марк Цукерберг, OpenAI президенті Грег Брокман, xAI жетекшісі Илон Маск және Nvidia басшысы Дженсен Хуанг алдыңғы қатарлы AI-модельдердің қауіпсіздығын бақылауға қатысты қосымша тетіктер енгізу жөнінде уағдаласқаны хабарланған. Келісім аясында компаниялар директорлар кеңесі жанынан тәуелсіз бақылау комитеттерін құрып, AI қауіпсіздығына ішкі және тәуелсіз аудит жүргізу тетіктерін енгізуге міндеттеме алған.
Мемлекет басшысы форум барысында Қазақстанның цифрлық трансформациясына да тоқталды. Оның айтуынша, ел толыққанды цифрлық мемлекетке айналу үшін қажетті институционалдық және технологиялық жағдайларды кезең-кезеңімен қалыптастырып келеді. Соңғы жылдары IT-сектордың экспорттық әлеуеті артып, қазақстандық цифрлық өнімдердің халықаралық нарықтағы ауқымы кеңейген.
«Өткен жылы Қазақстанның IT-қызметтер экспортының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Біздің цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден астам елінде қолданылады. Осы жетістіктердің барлығы Қазақстанның еліміз бен бүкіл әлемнің өркендеуі жолындағы ілгерілеуге үлес қосуға деген шынайы ұмтылысын көрсетеді. Дегенмен озық технологиялар саласында қол жеткізілген нәтижелермен тоқтап қалуға болмайды. Егер біз еліміздің қуатты технологиялық негізін қалыптастыруға ұмтылсақ, инновациялық стартап-компанияларға нақты қолдау көрсетіп, озық жобаларды жүзеге асыруымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, ендігі міндет – жасанды интеллектіні экономиканың нақты қажеттіліктеріне бейімдеу. Осы мақсатта нақты өндірістік және экономикалық сұраныстарға негізделген индустриялық AI-міндеттердің тізімін қалыптастыру ұсынылды.
Сол тізімнің негізінде қазақстандық және шетелдік командаларды тарта отырып AI Challenge өткізу жоспарланып отыр. Тиімділігін іс жүзінде дәлелдеген үздік жобаларды кейін өндіріске енгізу көзделген.
Тоқаевтың форумдағы сөзінде екі бағыт қатар көрініс тапты: бір жағынан, жасанды интеллектіні дамыту кезінде қауіпсіздік пен жауапкершілікке халықаралық деңгейде ортақ көзқарас қалыптастыру, екінші жағынан, Қазақстанның өзінің технологиялық әлеуетін күшейтіп, отандық IT-жобалар мен стартаптарды нақты экономикалық міндеттерді шешуге бағыттау. AI & Digital Bridge – 2026 форумы 1–3 қазан аралығында Астанада өтіп жатыр.
