Flydubai ұшағындағы төтенше жағдай: жолаушы екінші пилотты құрықтады
Flydubai ұшағындағы төтенше жағдай: жолаушы Янив Хаюн екінші пилотты құрықтап, ұшақты тұрақтандыруға көмектесті. Рейс Табук әуежайына қауіпсіз қонды.
Сурет: Jakub Porzycki/NurPhoto via Getty Images
Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai рейсіндегі төтенше жағдай кезінде жолаушылардың бірі Янив Хаюн ұшақта болған шешуші сәттерді баяндап берді. Оның айтуынша, ол басқа жолаушылармен бірге кабинаға кіріп, екінші пилотты құрықтауға және әуе кемесін тұрақтандыруға көмектескен.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
The Times of Israel басылымының жазуынша, оқиғадан кейін Янив Хаюн Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен Бен-Гурион әуежайында кездескен.
Жолаушының айтуынша, ұшақ кенет биіктігін жоғалта бастағанда бортта төтенше жағдай болғанын түсінген. Reuters дерегінше, әуе кемесі аз уақыт ішінде шамамен 14 мың футқа төмендеген.
Хаюн басқа жолаушылармен бірге пилоттар кабинасына кірген кезде командирдің жараланған күйде жатқанын, ал екінші пилоттың басқару тетіктерінің жанында болғанын көргенін айтты. Оның сөзінше, ол екінші пилотты ұстап, кабинадан шығарған. Кейін басқа жолаушылар күдіктіні ұстап тұруға көмектескен.
Содан соң Хаюн қайта кабинаға кіріп, ұшақтың қатты еңкейіп бара жатқанын байқаған.
«Мен қайта кіріп, басқару тетігін ұстап, өзіме қарай тарта бастадым. Ұшақ біртіндеп түзеле бастады. Кейін пилот басқаруды өзі қолға алатынын айтты», – деп еске алды ол.
Хаюн не істеу керегін авиациялық апаттар туралы «Mayday» бағдарламасын көргенінің арқасында шамамен түсінгенін айтқан. Reuters те оның осы телебағдарламадағы мәліметтер көмектескенін жазды.
Flydubai компаниясының ресми хабарламасында FZ1073 рейсінің ұшу кезінде оқиғаға тап болғаны және Сауд Арабиясының Табук әуежайына қауіпсіз қонғаны расталды. Компания барлық жолаушының аман екенін мәлімдеді.
Кейін Израиль билігі екінші пилоттың әуе кемесін апатқа ұшыратуға әрекет жасағанын мәлімдеді. Алайда оның нақты мотиві әзірге анықталған жоқ және оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Flydubai да расталмаған болжамдарға асықпауға шақырған.
Reuters мәліметінше, рейсте 174 жолаушы болған. Ұшақтың капитаны ауыр жарақат алғанымен, кейін ауруханаға жеткізіліп, жағдайы тұрақталған. Бортта жолаушы ретінде болған басқа Flydubai пилоттары ұшақты Табук әуежайына қондыруға көмектескен.
