Қазақстан экономикасы саннан сапаға бет алды: соңғы жеті жылда не өзгерді?
Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік кезеңіндегі жеті жыл Қазақстан экономикасы үшін тек көрсеткіштердің өсуімен ғана емес, экономикалық модельді біртіндеп өзгертуге бағытталған құрылымдық қадамдармен де сипатталды. Сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, бұл үдеріс әсіресе 2022 жылдан кейін айқын көріне бастады. Осы кезеңнен бастап экономиканы әртараптандыруға, жеке кәсіпкерліктің мүмкіндігін кеңейтуге, бәсекені күшейтуге және мемлекеттің экономикадағы шамадан тыс үлесін қысқартуға басымдық берілді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Жұмағұлов соңғы жылдардағы экономикалық нәтижелерді тек ЖІӨ көлемі немесе жекелеген статистикалық көрсеткіштер арқылы бағалау жеткіліксіз деп санайды. Оның айтуынша, басты мәселе – Қазақстан экономикасының қандай бағытта өзгеріп жатқаны және қалыптасқан модельдің сапалық тұрғыдан қаншалықты жаңарып келе жатқаны.
«Жеті жыл – жекелеген шешімдерді емес, елдің қандай бағытта қозғалғанын бағалауға жеткілікті кезең. Экономикалық өзгерістердің ең айқын кезеңі шамамен 2022 жылдан басталды. Саяси жаңғырудан кейін Президент экономиканы құрылымдық қайта құру міндетін қойды: әртараптандыру, бәсекені және жеке бастаманы дамыту, мемлекеттің шамадан тыс қатысуын азайту, адами капиталға инвестиция салу», – деді Нұрлан Жұмағұлов.
Бұл басымдықтар 2022 жылғы Президент Жолдауында да көрініс тапты. Онда жеке кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуынан біртіндеп бас тарту, нарықтағы бәсекені күшейту жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттары ретінде белгіленді.
Экономика көлемі 300 млрд доллардан асты
Сарапшы назар аударған маңызды көрсеткіштердің бірі – Қазақстан экономикасының жалпы көлемі. 2019 жылы елдің номиналды жалпы ішкі өнімі шамамен 181,7 млрд долларды құраса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 306 млрд доллардан асты. Дүниежүзілік банк те Қазақстанның 2025 жылғы ЖІӨ-сін 306,2 млрд доллар деңгейінде көрсетеді.
2025 жылдың өзінде Қазақстан экономикасы нақты мәнде 6,5 пайызға өсті. Ұлттық статистика бюросының нақтыланған мәліметіне сәйкес, сол жылы ең жоғары өсім көлік және қоймалау, құрылыс, сауда, өнеркәсіп, сондай-ақ ақпарат және байланыс салаларында тіркелді.
Дегенмен Жұмағұлов номиналды ЖІӨ-нің доллармен есептелген көлемін экономикалық өзгерістердің жалғыз өлшемі ретінде қарастыру дұрыс емес екенін атап өтеді. Себебі бұл көрсеткішке ұлттық валютаның бағамы, мұнай мен өзге де шикізат бағасының әлемдік нарықтағы өзгерісі, сондай-ақ өндіру көлемі әсер етеді.
Сондықтан сарапшы үшін экономиканың ішкі құрылымында болып жатқан өзгерістер анағұрлым маңызды.
«Маңыздысы – экономиканың ішінде не өзгеріп жатқанын көру. Қазақстанның алдында тек экономика көлемін ұлғайту емес, оның сапасын өзгерту міндеті тұр», – деді ол.
Мұндай өзгерістің бір көрінісі – өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі. 2019 жылы бұл сектордың ЖІӨ-дегі үлесі 11,4 пайыз болса, 2025 жылы 12,8 пайызға жетті.
Жұмағұловтың пайымдауынша, өңдеу секторымен қатар құрылыс, сауда, көлік-логистика және басқа да шикізаттық емес бағыттардың кеңеюі Қазақстан экономикасының бір ғана ресурсқа тәуелділігін біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді.
Жеке бизнеске көбірек мүмкіндік беру бағыты
Экономикалық саясаттағы маңызды өзгерістердің тағы бірі ретінде сарапшы жеке бастама мен бәсекені күшейтуге бағытталған шараларды атайды.
Оның сөзінше, Қазақстанда шикізатқа тәуелділік, еңбек өнімділігінің жеткіліксіздігі, технологиялық жаңғырудың баяулығы және жекелеген нарықтардағы бәсекенің әлсіздігі секілді мәселелер кейінгі жылдары мемлекеттік деңгейде жүйелі міндет ретінде қойыла бастады.
Бұл тақырып кейінгі Жолдауларда да жалғасын тапты. Мәселен, 2024 жылғы Жолдауда мемлекет қатысатын кәсіпорындардың экономикадағы үлесінің жоғары болуы нарықтағы тең жағдайға кері әсер етіп, жеке бастаманың дамуын шектейтіні айтылды. Президент жеке инвестицияларды тарту үшін бизнестің белсенділігіне қолайлы жағдай қалыптастыру қажеттігін де атап өтті.
«Бұл бұрынғы экономикалық модельді сол күйінде сақтап қалу әрекеті емес. Керісінше, оны біртіндеп өзгертуге бағытталған процесс жүріп жатыр», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Сарапшының түсіндіруінше, мұндай өзгерістің түпкі мақсаты мемлекетті экономикадан толықтай шеттету емес, жеке сектордың өздігінен дамуына мүмкіндік беретін бәсекелі ортаны кеңейту болуы тиіс.
Елдің ішкі қаржы ресурсы ұлғайды
Қазақстан экономикасының қаржылық базасында да елеулі өзгерістер байқалады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында депозиттік ұйымдардағы резиденттердің салымдары 16,3 пайызға өсіп, 48 трлн теңгеге жеткен. Оның негізгі бөлігі ұлттық валютадағы депозиттерге тиесілі.
Жұмағұлов бұл көрсеткішті ел ішінде жинақталған қомақты қаржы ресурсының бар екенін білдіретін факторлардың бірі деп есептейді.
«Мұндай қаржы базасы тиісті жағдай қалыптасқан кезде жаңа инвестицияларға, бизнестің кеңеюіне және экономиканың одан әрі өсуіне жұмыс істей алады», – деді ол.
Яғни мәселе қаржының көлемінде ғана емес, оны өндірістік жобаларға, жаңа кәсіпорындарға, технологияға және жеке сектордың дамуына қаншалықты тиімді бағыттауға болатынында.
Тұрғын үймен қамту деңгейі артты
Сарапшы экономикалық өзгерістерді бағалағанда халықтың өмір сүру деңгейіне қатысты көрсеткіштерді де назардан тыс қалдырмау қажет деп санайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстандағы тұрғын үй қорының жалпы көлемі 447,3 млн шаршы метрге жетті. Бір тұрғынға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші 25,1 шаршы метрді құрады.
Қазақстан халықаралық туризм көрсеткіштері бойынша да позициясын жақсартқан. Дүниежүзілік экономикалық форумның Travel & Tourism Development Index рейтингінде республика 2024 жылы 119 елдің ішінде 52-орынға орналасты. Мемлекеттік органдар жариялаған дерек бойынша, 2019 жылы Қазақстан бұл рейтингте 80-орында болған.
Жұмағұлов мұндай деректерді ел экономикасындағы өзгерістердің тек өндіріс көлемімен немесе қаржы секторымен шектелмей, инфрақұрылым мен қызмет көрсету салаларына да әсер етіп жатқанын көрсететін индикаторлар ретінде қарастырады.
Экономикалық өзгерістер институционалдық реформалармен қатар жүріп жатыр
Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, қазіргі кезеңнің тағы бір ерекшелігі – экономиканы қайта құру жұмыстары мемлекеттік институттарды жаңарту үдерісімен қатар жүзеге асып жатқаны.
Оның пайымдауынша, бірнеше жыл қатарынан жоғары экономикалық өсім көрсету бір міндет болса, саяси институттарды өзгерте отырып, сол уақытта жаңа экономикалық модель қалыптастыру әлдеқайда күрделі процесс.
«Міндет – жай ғана өсім көрсету емес, бәсекеге қабілетті әрі технологиялық экономика қалыптастыру және осы кезеңде мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығын сақтау», – деді сарапшы.
Осы тұрғыдан алғанда, экономикалық саясаттың нәтижесін тек қысқа мерзімді өсім қарқынымен өлшеу жеткіліксіз. Негізгі нәтиже ұзақ мерзімде еңбек өнімділігінің артуынан, бизнестің күшеюінен, технологиялық өндірістердің пайда болуынан және экспорт құрылымының өзгеруінен көрінуі керек.
Орталық Азияның дамуы Қазақстан үшін жаңа нарық қалыптастырады
Сарапшы Орталық Азия мемлекеттерінің соңғы жылдардағы экономикалық белсенділігін де Қазақстанға төнген қауіп немесе тек бәсекелестік ретінде бағаламайды.
Керісінше, оның ойынша, көршілес елдердің экономикасы өскен сайын бүкіл өңірдің нарықтық әлеуеті ұлғаяды. Бұл Қазақстан үшін сауда айналымын арттыруға, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, көлік-логистика бағыттарын дамытуға және анағұрлым ірі өңірлік нарық қалыптастыруға қосымша мүмкіндік береді.
«Қазақстан біртіндеп Орталық Азиядағы ең ірі экономиканы сақтап қалу міндетінен әлдеқайда күрделі міндетке – сол экономиканың сапасын өзгертуге көшіп келеді», – деді ол.
Жұмағұловтың пікірінше, Қазақстанда қазірдің өзінде ірі экономика, қалыптасқан қаржы жүйесі, инвестициялық ресурс және адами капитал бар. Бірақ келесі кезеңдегі негізгі сын-қатерлер бұдан күрделірек.
Олардың қатарында еңбек өнімділігін арттыру, жаңа технологияларды кеңінен енгізу, шикізатты ел ішінде терең өңдеу, жоғары қосылған құны бар дайын өнім экспортын көбейту және мемлекетке тәуелділігі төмен, бәсекеге қабілетті жеке бизнес қалыптастыру бар.
Бұл бағыттар мемлекеттік экономикалық күн тәртібінде де сақталып отыр. 2026 жылғы Президент Жолдауында инвестицияны өңдеу өнеркәсібіне бағыттау, жоғары технологиялық секторларды дамыту, кәсіпкерлік бастаманы жандандыру және мемлекеттің экономикадағы рөлін одан әрі қысқарту мәселелері көтерілді.
Сарапшының бағалауынша, дәл осы міндеттердің жүзеге асу деңгейі алдағы жылдары Қазақстан экономикасының сапасын анықтайды.
«Егер осы бағыт жүйелі түрде жалғасса, алдағы онжылдықта Қазақстанның әлемдік экономикадағы орнын дәл осы өзгерістер айқындайтын болады», – деп түйіндеді Нұрлан Жұмағұлов.
