Негізгі мазмұнға өту
Дүйсенбі, 28 қыркүйек 2026 $ 442,2↓€ 503,8↓₽ 5,24↓
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    «Жылдың 10 оқырманы» жобасы еліміздің барлық өңірін қамтиды • Жаңа Қорғаныс министрі армияда қандай өзгеріс болатынын айтты • Жамбылда оқушы өлі табылды: Полиция іс қозғалғанын хабарлады • «Бір айдан асты»: Тараз тұрғыны краннан аққан лай суға шағымданды • «Жаңбыр жауса, жол жоқ»: Тараздағы Қанағат көшесінің тұрғындары әкімдіктен асфальт сұрап отыр • Аяқкиімінің кесірінен алтыннан қағылды: ҰОК мәлімдеме жасады • «Жылдың 10 оқырманы» жобасы еліміздің барлық өңірін қамтиды • Жаңа Қорғаныс министрі армияда қандай өзгеріс болатынын айтты • Жамбылда оқушы өлі табылды: Полиция іс қозғалғанын хабарлады • «Бір айдан асты»: Тараз тұрғыны краннан аққан лай суға шағымданды • «Жаңбыр жауса, жол жоқ»: Тараздағы Қанағат көшесінің тұрғындары әкімдіктен асфальт сұрап отыр • Аяқкиімінің кесірінен алтыннан қағылды: ҰОК мәлімдеме жасады •

    Жамбылда оқушы өлі табылды: Полиция іс қозғалғанын хабарлады

    Жамбылда оқушы өлі табылды: Полиция іс қозғалғанын хабарлады

    Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қаракемер ауылында 14 жастағы оқушы қайтыс болды. Марқұмның туыстары оның өліміне мектептегі жағдай себеп болуы мүмкін деп санайды. Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.

    Туыстарының айтуынша, Қали Қуаныш Темірбекұлы Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің 7-сыныбында оқыған. Ол отбасындағы алты қыздың арасындағы жалғыз ұл болған.

    Отбасының мәліметінше, қайғылы жағдай 25 ақпанда болған. Туыстарының айтуынша, сол күні Қуаныш алгебра сабағында мұғалімнің тапсырмасына байланысты түсініктеме жазған.

    Олардың сөзінше, сабақ кезінде сыныптағы оқушы тақтадағы жазуды көре алмай тұрғанын айтып, телефонымен тақтаны суретке түсірген. Сол кезде мұғалім кадрға өзі де түсіп қалған.

    Туыстарының айтуынша, мұғалім оқушыдан өзін әдейі түсірген-түсірмегенін сұраған. Қуаныш тақтаны ғана суретке түсіргенін айтқан. Алайда отбасының сөзінше, мұғалім оған 200 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтінін айтып, түсініктеме жаздырған.

    Кейін мұғалім оқушыға әкесін шақыруды тапсырған. Туыстарының айтуынша, Қуаныш әкесін шақырып келетінін айтып, қоңырауға шамамен бір минут қалғанда мектептен шығып кеткен.

    Отбасының мәліметінше, одан кейін оқушыны бірден іздеу басталмаған.

    «Бір сағаттай уақыт өткен. Кейін тағы екі-үш сабақ болған. Оның ішінде басқа мұғалімнің және директордың сабағы да болған. Бірақ ешкім Қуанышты іздемеген. Сыныптастары алаңдап, ата-анасына хабарласқысы келген, алайда оның телефонын алып қойған», – дейді туыстары.

    Кейін алгебра пәнінің мұғалімі отбасының үлкен қызы Жансаяға телефон шалып, Қуаныштың мектептен кетіп қалғанын айтқан.

    Туыстарының айтуынша, сол күні кешке Қуанышты олардың туыстарының бірі үй маңынан тауып алған. Отбасы баланың қайтыс болғанын сол кезде білген.

    Қайғылы жағдайдан кейін мектеп директоры, директордың орынбасары және сынып жетекшісі отбасыға көңіл айтуға барған. Алайда туыстарының айтуынша, алгебра пәнінің мұғалімі келмеген.

    Отбасы кейін адвокат жалдаған. Туыстарының сөзінше, адвокатқа 500 мың теңге төлегенімен, істің алға жылжуына қатысты күткен нәтижені ала алмаған.

    Марқұмның жақындары мектептегі жағдайға толық тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталғанын қалайды. Сонымен қатар олар алгебра пәнінің мұғаліміне қатысты тиісті шара қолдануды сұрап отыр.

    Туыстары мектеп директоры мен мұғалім арасында туыстық байланыс болуы мүмкін екенін айтып, осы жағдайдың да тексерілгенін қалайды. Бұл ақпарат әзірге отбасы тарапынан айтылған болжам екенін атап өткен жөн.

    «Біздің ешқандай таныс-тамырымыз жоқ. Бізге әділдік керек. Малдан айырылып отырған жоқпыз, адамнан айырылып отырмыз. Бұл – алты қыздың арасындағы жалғыз бауырымыз», – дейді отбасы.

    Марқұмның туыстары Қаракемер ауылындағы №14 мектептің жұмысына да тексеру жүргізуді сұрап отыр.

    Олардың айтуынша, білім беру ұйымында бұған дейін де шешімін таппаған мәселелер болған. Отбасы мектепке қатысты барлық жағдайдың жан-жақты тексерілгенін қалайды.

    «Комиссия мектепті тексерсе екен дейміз. Бұл мектепте ашылмаған қаншама мәселе бар. Тексеру келген кезде барлығын жақсы етіп көрсетеді. Мұны оқушылардың өзі де растай алады», – дейді туыстары.

    Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

    «Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.

    Қазіргі таңда оқушының өліміне нақты не себеп болғаны және оған басқа адамдардың әрекеті әсер етті ме деген сұрақтарға қатысты тергеу жүріп жатыр. Отбасының айтқан нұсқасы мен өзге де мән-жайларға құқықтық баға тергеу нәтижесінде берілуі тиіс.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →