Инчхоннан Данангқа ұшатын ұшақта өрт шықты
Оңтүстік Кореяның Инчхон әуежайынан Данангқа ұшатын Air Seoul ұшағында өрт шықты. 221 жолаушы мен 7 экипаж мүшесі зардап шекпеді, рейс 2 сағат 50 минут кешікті.
Сурет: unsplash.com
Оңтүстік Кореяның Инчхон әуежайынан Вьетнамның Дананг қаласына бағыт алғалы тұрған Air Seoul әуе компаниясының ұшағында өрт тұтанды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, оқиға 24 қыркүйек күні шамамен сағат 21:00-де болған. Алдын ала болжам бойынша, өртке жолаушының сөмкесіндегі пауэрбанк себеп болуы мүмкін.
Өрт Air Seoul Inc. әуе компаниясының RS511 рейсінде тіркелген. Жолаушының орындық астында тұрған сөмкесінен түтін шығып, кейін өрт тұтанған.
«Экипаж мүшелері өртті өздері сөндірді. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп, жолаушылардың жағдайын тексерді. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ», – делінген хабарламада.
Ұшақ бортында 221 жолаушы және жеті экипаж мүшесі болған.
Оқиғадан кейін әуе компаниясы жолаушыларға басқа ұшақ ұсынған. Нәтижесінде Данангқа бағыт алған рейс шамамен 2 сағат 50 минут кешігіп ұшқан.
Өрттің нақты неден шыққаны тексеріліп жатыр.
