Мемлекет басшысы Түркия Президентімен телефон арқылы сөйлесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Құрылтай сайлауының табысты өтуіне қатысты құттықтаулар қабылдады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Әңгімелесу барысында Ердоған Тоқаевты бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Түркия көшбасшысы бұл тарихи оқиға еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жылы лебіздері мен халықаралық ұйымдар құрамындағы түрік байқаушыларының белсенді жұмысы үшін алғыс білдірді. Мемлекет басшысы елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың заманауи әрі әділетті Қазақстан құруға бағытталғанын атап өтті.
Тараптар екіжақты қарым-қатынастардың даму қарқынына оң баға беріп, мызғымас достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухын атап көрсетті. Тоқаев Ердоғанның мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын айтты.
Сонымен қатар, алдағы халықаралық іс-шаралар кестесі талқыланды. Президент Тоқаев Ердоғанның биыл Түркияда өтетін жоғары деңгейдегі бірқатар кездесуге шақыруын қабыл алды.
