Жамбыл облысында жүкті әйелді күйеуі зиратта ұрып, тұншықтырған
Жамбыл облысында 18 жастағы жүкті әйелді күйеуі зиратқа апарып, ұрып-соғып, тұншықтырғанын айтып шағымданды. Қылмыстық іс қозғалды.
Сурет: egemen.kz
Жамбыл облысында 18 жастағы жүкті әйел күйеуінің оны зиратқа апарып, ұрып-соғып, тұншықтырғанын айтып шағымданды. Әйелдің сөзінше, суы кетіп, толғағы басталғанына қарамастан, күйеуі оны бір сағаттан астам уақыт бойы жібермеген, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Әлеуметтік желіде құқық қорғаушы Ляззат Рақышеваға сілтеме жасай отырып, оқиға туралы ақпарат тарады. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал әйелдің күйеуінің рұқсатынсыз үйден шығып кетуінен басталған. Ер адам оны күштеп көлікке отырғызып, жолда басынан ұра бастағаны айтылады.
Кейін ол әйелді зиратқа апарып, телефонын тартып алған. Жеке хаттарын тексергеннен кейін пышақпен қорқытып, бетінен ұрып, тұншықтырған деген шағым бар. Осы кезде жүкті әйелдің суы кетіп, толғағы басталған. Алайда оның айтуынша, күйеуі оны бірден босатпаған.
«Суым кетіп, толғағым басталды. Бірақ ол мені зиратта бір сағаттан астам уақыт ұстады. Мен жылаған сайын, ол одан сайын ұра түсті», деді әйел.
Жәбірленуші болған жағдайды құрбысына жасырын хабарлап үлгерген. Кейін ақпарат құқық қорғаушыларға жеткен. Жамбыл облысының полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті анықталып, полицияға жеткізілген.
«Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысы Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында», деп хабарлады ведомство.
Оқиға әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Көпшілік жүкті әйелдің қазіргі жағдайына алаңдап, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін жасыруға болмайтынын жазды. Қазақстанда ұрып-соғу және денеге физикалық ауырсыну келтірген өзге де зорлық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында баласы үшін көз жұмған әйелге байланысты тергеу басталғанын хабарлаған едік. Сондай-ақ Семейде бұрынғы әйелін таяқпен ұрып өлтірген ер адам 12 жылға сотталғаны жарияланды.
