Бақытжан Базарбек жол апатынан кейін ел алдына шықты
Фото: видеодан скрин
Бұрынғы депутат Бақытжан Базарбек жол апатынан кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Бұл туралы ол жеке парақшасында жазды.
«Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжамдар мен түрлі әңгімелерге жауап бере алмаймын және көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ. Қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында мен және жұбайым сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бердік.Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін.Қазір мен үшін ең бастысы — зардап шеккен азаматтың өзіне, жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға қажетті көмек көрсету. Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз. Көрсетілген шұғыл медициналық көмек үшін аудандық аурухананың барлық дәрігерлеріне, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ерекше алғысымды білдіремін. Әлеуметтік желілерде қазірдің өзінде түрлі нұсқалар мен алып-қашпа әңгімелер тарап жатыр. Баршаңызды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырамын. Осы қиын күндерде алаңдап, қолдау көрсетіп жатқан баршаңызға рахмет!», — деді заңгер.
