Әкімдік кімді ақымақ қылмақ: Қарағанды тасжолында шұңқыр жамалмай, сызық сызылып кеткен
Фото: видеодан скрин
Қарағанды — Есенгелді — Қайнар бағытындағы тасжолда шұңқырларды жөндеуді ұмыт қалдырған шенеуніктер ойлы-қырлы жолдың үстіне жаңадан таңбалау сызықтарын сызғызып қойған.
Жергілікті тұрғындар тасжолдағы бұл масқара көріністі суретке түсіріп, бюджет қаржысының қалай оңды-солды шашылып жатқанына ашынуда. Ойлы-шұңқыр асфальтка сызық жүргізген мердігер мекеменің жұмысын әкімдік қалай қабылдап алғаны және бақылаудың мүлдем жоқтығы үлкен сұрақ тудырады. Мемлекеттік тапсырысты бұлайша бетімен жіберу — әкімдік тарапынан халықтың қауіпсіздігі мен ел қазынасына деген жауапсыздықтың анық көрінісі. Жолдың сапасын тексермей тұрып, сызық сызуға рұқсат берген жауапты шенеуніктер енді бұл масқараны қалай ақтайтыны белгісіз. Қарапайым халықтың қалтасынан шыққан салыққа жасалған бұл «жөндеу» жергілікті биліктің халық талабына қаншалықты атүсті қарайтынын көрсетті.
Видео: @denis_denski
