Тоқаев Халық қаһарманы Иван Гапичтің отбасына көңіл айтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманы Иван Гапичтің отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Президент марқұмның ерлігі мен адал еңбегін атап өтті.
Сурет: ozgeris.info
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс және еңбек ардагері, Халық қаһарманы Иван Гапичтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Жеделхат мәтінінде: «Иван Степанович майданға өз еркімен аттанып, байланысшы ретінде соғыстың соңына дейін қатысты. Елге оралған соң ұзақ жылдар бойы прокуратура органдарында мінсіз қызмет атқарды. Адамгершілік қағидаттарынан айнымайтын әрі өз ісінің нағыз маманы ретінде ол әріптестері мен көпшілік арасында зор абыройға ие болып, құрметке бөленді. Иван Степанович ғұмыр жолында жасампаз патриотизмнің, антқа адалдықтың және әділдік құндылықтарын берік ұстанудың жоғары үлгісін көрсетті. Оның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады», – делінген.
