Роза Әліқожа ажырасқан әйел туралы жазбасымен көпшілік назарын аударды
Әнші Роза Әліқожа әлеуметтік желіде ажырасқан әйелдердің тағдыры туралы жазба қалдырып, оқырмандарды ойландырды. Толығырақ Qazaqtoday.info сайтында.
Сурет: sn.kz
Әнші Роза Әліқожа әлеуметтік желіде ажырасқан әйелдер туралы тебірене жазба қалдырды. Оның ой-толғамы желі қолданушыларының назарын өзіне аударды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Шынында да, ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында тұра тұрып, іштей ажырап кеткен жандар қаншама? Олар нағыз сүйіспеншілікті сырттан іздеп, түсінде де, қиялында да өзге адаммен ғұмыр кешеді. Алайда баласы үшін бірге болып, туыстары мен құдалары алдында беделін түсіргісі келмей, өтірік өмір сүреді. Осы жалғандық не үшін керек? Ертең ұлыңыз бен қызыңыз сіздің тағдырыңызды қайталамасына кепілдік бар ма?
Әкесінен көргенін қайталайтын ұл, анасындай өзін құрбан ететін қыз өседі. Кейде болмайтын нәрсені болмайды деп қабылдап, айтылуға тиіс сөзді үнсіздікпен азаптамай айту керек. Әйел шынайы сүйсе, соңына дейін барады, өбектейді, қорғайды, сенеді. Ол тәуекелге де барады, армандайды, үмітін үзбейді. Анасындай қамқор, досындай адал, әпкесіндей жанашыр болады. Бірақ жарының үнемі өтірік айтып, көзге шөп салуы оны жалықтырады.
Суық құшақ, суық қабақ, суық үй — осының бәрі көбейеді. Ол қанша жылытқысы келсе де, өзін жаудай көретін жанардан жасқанады. Ешкім көрмейтін көздерден жалығады. Оны өз үйінде еркелетіп өсірген еді, ал мұнда еркеліктің көлеңкесі жоқ. Ханшайымнан күңге айналып, жүкті жалғыз сүйреп шаршады.
Бұл одақта жалғыз кінәлі адам — өзі болып қалды. Ерте үйленгені үшін, бәріне жауапты болғаны үшін ол өзін жазалады. Тұншықтыру, ірі заттарды қирату, лақтыру, шыны ыдыстарды сындыру, басын қабырғаға соғу — бұл тізімді әрі қарай жалғастыруға болады.
Ең үлкен азапты ең жақын адамынан, ең үлкен өкінішті өзінің «ең үлкен қуанышым» деген жаннан көрді. Жылдар бойы құрастырған өмірінің суретін өзі бұзуға көнді. Онсыз өзін жоғалтып бара жатқанын, ауруы көбейіп, арманы таусылғанын сезді. Өзін өзі қорғамаса, ешкім қорғамайтынын түсінді. Сөйтіп, өзін өзі сүюге қадам жасады», — деп жазды әнші.
