Оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Қайғылы жағдай Кабардин-Балқариядағы Эльбрусқа көтерілу кезінде болған. Тергеу мәліметінше, Босния және Герцеговинаның 7 азаматы 24 шілдеде тауға көтерілген. Келесі күні кешке ауа райының күрт нашарлауына байланысты альпинистер бағыттан адасып кеткен.
Топ мүшелерінің біреуі таудан өздігінен түсіп, құтқарушыларға шамамен 5,1 мың метр биіктікте екі серігінің жағдайы нашарлап, қайтыс болғанын хабарлаған. Кейін жүргізілген іздеу-құтқару жұмыстары барысында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері тірі қалған тағы бір адамды және үш адамның денесін тапқан. Осылайша, бұл топтағы қаза тапқандар саны бесеу болды.
ТЖМ мәліметінше, құтқарушылар екі марқұмның денесін Азау алаңына жеткізді. Қатты боран мен екпінді желге байланысты қалған мәйіттерді түсіру жұмыстары ауа райы жақсарғанға дейін кейінге қалдырылды.
Сол күні Эльбрус тауында тағы бір қайғылы оқиға болды. Ставрополь өлкесі мен Тула облысынан келген екі альпинистен құралған тіркелген топ шамамен 5,3 мың метр биіктіктегі Red Fox лашығы маңынан көмек сұраған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар альпинистердің бірінің қаза тапқанын анықтап, екіншісін эвакуациялады. БАҚ мәліметінше, өлімге гипотермия, яғни дененің қатты тоңуы себеп болған.
Кабардин-Балқария бойынша Тергеу басқармасы екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза болуына әкеп соққан әрекетке қатысты қылмыстық іс қозғады. Қайғылы оқиғалардың мән-жайы анықталып жатыр.
