Астанада 24 жастағы жігіт бассейнге батып, жансақтау бөліміне түсті
Фото: Видеодан скрин
Астанада жеке демалыс орнына демалуға барған 24 жастағы жігіт есінен танып, суға батқан. Қазіргі таңда жігіт жансақтау бөлімінде жатыр. Ал жігіттің анасы кінәлі тұлғалар жауапқа тартылсын деген талап қойып отыр, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты Жетінші арнаға сілтеме жасап.
Куәгерлер оқыс оқиға кезінде жақын маңда құтқарушы да, медицина қызметкері де, тіпті алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасы да болмағанын алға тартады. Телеарна дерегінше, жедел жәрдемді де демалушылардың өздері шақырған. Қазір жас жігіт жансақтау бөлімінде жатыр. Ал жігіттің анасы кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр.
«Ешқандай құтқарушы, медбике жоқ. 306-баппен қылмыстық іс қозғалды. Мен мұндай жағдай қайталанбас үшін соңына дейін барамын. Адамның өміріне неге бей-жай қарайды?», — дейді зардап шеккен жігіттің анасы Айкүміс Елеусізова.
Қайғылы оқиға болған демалыс базасы қазір жұмыс істеп тұр. Бірақ әкімшілікпен телеарна тілшілері телефон арқылы байланысқа шыға алмаған. Кейінірек демалыс кешенінің әкімшілігі мессенджер арқылы байланысқа шыққан. Олардың айтуынша, ер адам бассейнге басымен секірген. Ал мұндай әрекетке қатаң тыйым салынған. Ескерту ретінде арнайы тақтайша мен ақпараттық стенд те орналастырылған көрінеді.
«Оқиға болған сәтте екі арнайы дайындықтан өткен құтқарушы кезекшілікте болды. Медициналық қызметкерлер келгенге дейін алғашқы медициналық көмек кешеннің құтқарушысы тарапынан көрсетілді. Мұның барлығы бейнебақылау камераларының жазбаларымен расталады. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр», — дейді демалыс кешенінің әкімшілігі.
Бұл демалыс орындарында тіркелген алғашқы жағдай емес. Бір ай бұрын Астана тұрғыны ат клубтарының бірінде тұлпардан құлап, иығын сындырған еді. Қыздың айтуынша, бұған ер-тұрманның дұрыс бекітілмеуі және қызметкерлердің бақылауының жеткіліксіздігі себеп болған.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, мұндай оқиғалардың алдын алуға болады. Ол үшін демалушылар қауіпсіздік талаптары сақталатын, білікті нұсқаушылар жұмыс істейтін және алғашқы медициналық көмек жедел көрсетілетін орынды таңдауы қажет. Ал заңгерлердің айтуынша, ол үшін заңды өзгертудің қажеті жоқ. Мұндай ұйымдардың жұмысын реттейтін заңға тәуелді нормативтік актілерді қайта қарау жеткілікті.
«Мемлекет мұндай ұйымдардың қалай жұмыс істеуі керектігін нақты реттейтін қосымша нұсқаулықтарды енгізуге тиіс. Жекеменшік ұйымдар мұндай талаптарды өз жарғысына енгізе алады. Бірақ жарғының орындалуы – ұйымның ішкі мәселесі. Ал егер МемСТ тәрізді міндетті нұсқаулықтар болса, оларды орындамауға болмайды. Құрылыс нысандары нормалар мен ережелерге сәйкес келмесе пайдалануға берілмейтіні сияқты, демалыс орындарына да міндетті талаптар белгіленуі қажет», — дейді адвокат Илья Лунев.
