Басты бет » «Рақмет, көке!»: Димаш Құдайберген қарындасының алғысын алды

«Рақмет, көке!»: Димаш Құдайберген қарындасының алғысын алды

Фото: видеодан скрин

Танымал әнші, ҚР Халық әртісі Димаш Құдайберген көпшілікке қарындасы Раушан Құдайбергеннің ұзату тойына арнайы шығарған «Қарлығашым ұя салғанда» әнінің тарихымен бөлісті, деп жазады  Qazaqtoday.info ақпарат порталы.   

Өнер иесі жазбасында бұл туындының өмірінде ерекше орын алатынын, құнды әндердің бірі екенін атап өтті.

«Кейбір әндер ұзақ уақыт бойы жазылады, ал кейбірі жүректен өздігінен төгілгендей әп-сәтте дүниеге келеді. Бұл ән дәл осындай ерекше туындылардың бірі болды. Өмірімде сирек кездесетін сәттердің бірі – осы әннің әуені небәрі бір сағаттың ішінде дүниеге келді. Сірә, ол әуен жүрегімде бұрыннан өмір сүріп, тек өз уақытын күтіп жүргендей еді», – деді әнші.

Әнші туындының әуенін інісі толықтырып, сөзін өзі жазғанын айтты.

«Әннің әуенінің бір бөлігін Мансұр толықтырды. Ол да туған әпкесіне арнап ән жазуды қатты қалады. Сондықтан бұл шығармада екеуміздің де туған бауырларымызға деген шынайы сезіміміз тоғыса алды. Ал әннің сөзін өзім жазуды жөн көрдім. Себебі туған қарындасыма деген махаббатымды, жүрегімдегі сезімді менен артық ешкім жеткізе алмайтынын білдім. Әрбір сөз жүректен шығуы керек еді.
Әннің мәтінін жазуға бірнеше күн кетті», – деп жазды Димаш Құдайберген.

Оның сөзінше, әнші бұл туындысы арқылы қарындасына деген ағалық махаббаты мен қамқорлығын жеткізуге барынша тырысқан.

«Себебі шабыт болмағандықтан емес, керісінше, ойыма келген әрбір сөз жүрегімдегі сезімнің жанында тым әлсіз әрі жеткіліксіз болып көрінді. Маған ешбір сөз, ешбір өлең жолы қарындасыма деген шексіз махаббатымды, ризашылығымды және оған деген ерекше ықыласымды толық жеткізе алмайтындай сезілді. Егер осы ән жүрегімдегі сезімнің аз ғана бөлігін болса да жеткізе алған болса, онда оның жазылғаны бекер емес», – деп түйіндеді ол.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика