Сурет: informburo.kz
Украиналық ауыр салмақтағы боксшы Александр Усик өзіне тиесілі барлық чемпиондық белбеулерден бас тартатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Спортшы бұл туралы Instagram-дағы жазбасында жариялады. «Мен бүгін иелік етіп отырған барлық белбеулерімді қалдырып, оларды босатып, кезекте тұрған жігіттерге бокстан шығуға мүмкіндік бергім келеді», – деді ол.
Усик белбеулерден бас тарту кәсіби спортпен қоштасу дегенді білдірмейтінін атап өтті. «Менің Last Dance-ім бар», – деп, кем дегенде тағы бір ресми жекпе-жек өткізетінін меңзеді.
Бұрынғы әлем чемпионы, қазіргі бапкер Вячеслав Сенченко Tribuna.com басылымына берген сұхбатында спортшының бұл шешіміне түсінік берді. «Шешімге таң қалмадым. Бұл оның тарапынан қисынды, өйткені әр белбеудің артында үміткерлер тұр және титулды қорғау міндеті бар. Оның жағдайында бұл қиын болуы мүмкін. Сондықтан ұйымдар тарапынан қысым болмас үшін осындай шешім қабылданды. Олардың өз үміткерлері бар, ал ол әр ай сайын әрқайсысымен бокстаса алмайды. Сондықтан бір жекпе-жекке немесе Верховенмен өткізгендей коммерциялық жекпе-жектерге назар аудару үшін белбеулерді қалдыруды ұйғарды», – деді Сенченко.
Бапкер Усиктің әрекетіне баға берді: «Қалдырмаса – қорғау керек, өйткені міндетті үміткерлер бар. Егер оған бұл қызық болмаса – қалдырған дұрыс, рейтингте жоғары тұрған адамдар белбеу үшін бокстассын. Белбеуді ұстап, қорғамаудың мәнін көрмеймін».
Александр Усик кәсіби бокста ауыр салмақта WBC (2024), WBA (2021), IBO (2021), IBF (2025) және The Ring (2022) нұсқалары бойынша қазіргі әлем чемпионы. Бірінші ауыр салмақта (2018-2019) абсолютті әлем чемпионы және ауыр салмақта екі рет (2024, 2025) атанған.
2025 жылғы 19 шілдеде Дэниел Дюбуаны реваншта жеңгеннен кейін Александр Усик Мохаммед Әлиден бері ауыр салмақ дәрежесінде екі рет абсолютті әлем чемпионы атағын жеңіп алған алғашқы боксшы болды.
