Астанада сот үкімімен тәркіленген блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға тиесілі сегіз Hyundai Elantra автокөлігі сатылымға қойылды. Көліктердің әрқайсысы 8,4 миллион теңгеге бағаланғанымен, аукционға жеке тұлғалар қатыса алмайды, деп жазады Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Астанада сот үкімімен тәркіленген блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға тиесілі көліктер сатылымға қойылды. Тиісті хабарландырулар E-Qazyna мемлекеттік мүлік тізілімінің сайтында жарияланды.
Порталда 2025 жылы шығарылған сегіз бірдей Hyundai Elantra автокөлігін сату туралы хабарландыру орналастырылған. Көліктер сот шешімі бойынша тәркіленген мүлік қатарына кіреді.
Хабарландырудағы мәліметке сәйкес, барлық сегіз көлік сотталған Эльмира Төлегенова басқаратын Zhana Business ЖШС-нің атына тіркелген. Қазіргі уақытта олар Астанадағы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің балансында тұр.

Фото: E-Qazyna
Әрбір автокөліктің бағалау құны 8 миллион 395 мың теңге деп көрсетілген. Алайда бастапқы сату бағасы әзірге жарияланбаған. Сатылымға қойылған көліктердің сипаттамасында олардың екі кілті мен техникалық төлқұжаты бар екені жазылған. Сонымен қатар жүксалғышта қосалқы дөңгелек пен стандартты құралдар жиынтығы жоқ. Көліктердің техникалық жағдайын тексеру мүмкін емес екені және олардың үстіне әлі де тыйым салынғаны көрсетілген.
Сауда-саттыққа тек құқық қорғау, арнайы мемлекеттік органдар, Президент қызметін қамтамасыз ететін құрылымдар, саяси мемлекеттік қызметшілер мен Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін мекемелер ғана қатыса алады.
Сондықтан жеке тұлғалар бұл аукционға қатыса алмайды.
