Ақтөбеде жаңа тұрғын үйдің жертөлесін су басты

Фото: видеодан скрин

Ақтөбеде су жаңа тұрғын үйдің асты бүлініп, көлге айналса да, жергілікті әкімдік пен құрылыс компаниясы бұл бассыздыққа көз жұмып отыр. Әлия Молдағұлова даңғылы, 66Б мекенжайындағы үйдің тұрғындары өз үйінде отырып, су кешіп жүрген жайы бар. Халық шу шығармаса, атқарушы билік пен мердігердің қозғалатын түрі көрінбейді.

Кепілдік мерзімі әлі бітпеген баспананың жертөлесіне іргетастан су кетіп, қабырғалары сөгіле бастаған. Халықпен жүздескен мердігер өкілі «мұнда тұрған ештеңе жоқ» деп ашық келемеждесе, әкімдік мұндай сапасыз нысанды қалай қабылдап алғаны жұмбақ. Көз бояушылықпен салынған үйдің ертең ортасына түспесіне, ішіндегі шиеттей бала-шаға мен қарттардың аман қаларына кім кепіл?

Тұрғындар әкімнің уәдесінен жалығып, құзырлы органдардан құрылыс салушы мен оған жол берген шенеуніктерді жауапқа тартуды талап етеді. Билік бұл бассыздыққа нүкте қоймаса, халықтың ашу-ызасы соңына дейін бармақ.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика