«Қазақмыс» қауіпсіздікті күшейтуде: «Нұрқазғанда» операторларға арналған капсула сыналды

Фото: Қазақмыс

Қазақмыста конвейер операторлары үшін қорғаныс кабина-капсулалары енгізілуде «Қазақмыста» жарияланған Қауіпсіздік жылы аясында және өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бағытын күшейту бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс барысында «Нұрқазған» кенішінде жүк тиеу-түсіру конвейерінің операторларына арналған қорғаныс кабина-капсуласы тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтан өтті. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

Жоба солтүстік порталдың өнеркәсіптік алаңында іске асырылып, өндірістік тәуекелдерді төмендетуге және жұмыскерлердің қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған кешенді шараның бір бөлігіне айналды.

Өлшемі 2300х1800х1500 мм болатын кабина-капсула оқшауланған қорғаныс құрылымынан тұрады және жұмыс орнын сыртқы өндірістік фактордан сенімді түрде қорғайды. Сонымен қатар шаң мен шудың әсерін төмендетіп, тау-кен массасы кесектерінің құлауынан жарақат алу қаупінің алдын алады.

Мұнда жұмыскердің жайлылығы мен денсаулығына ерекше мән берілген: құрылым саңылаусыз бітеу болғандықтан, оның ішінде оператор респираторлық маска кимей отыра алады. Яғни тыныс алу органдары үшін қауіпсіз орта қамтамасыз етіледі. Бұл ағзаға түсетін жүктемені азайтып, ауысым бойы еңбек жағдайының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сынақ қорытындысы бойынша жарақат алу ықтималдығының айтарлықтай төмендегені, сондай-ақ жұмыс орнындағы санитарлық-гигиеналық жағдайдың жақсарғаны расталды. Бұл шешім шынайы өндірістік ортада тиімділігін дәлелдеді. Жақын арада осы әдісті басқа учаскелерге кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жүйесін дамыту – бұл тек технология енгізу емес, ең алдымен адамдарға қамқорлық жасау. Қауіпсіздік жылы аясында қауіпсіз әрі қолайлы еңбек ортасын қалыптастыру «Қазақмыстың» негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика