Фото: видеодан скрин
Атырауда Балықшы мөлтек ауданындағы А.Байжігітова көшесі, 60-үйдің жағдайы сын көтермейді. 1932 жылы салынған ғимарат әбден тозып, қабырғалары жарылып, құлау қаупі күшейген. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің кіреберісі мен сыртқы бөлігі күн сайын мүжіліп барады. Жаңбыр жауса, айналасы батпаққа айналып, кірудің өзі қиын. Ең қауіптісі – үйдің кез келген сәтте опырылып түсуі мүмкін деген қорқыныш бар.
Тұрғындар бұл мәселені бірнеше рет көтергенін айтады. Алайда олардың сөзінше, әкімдік тарапынан нақты көмек болмаған. “Бұл үй тіпті тізімде де жоқ” деген пікірлер әлеуметтік желіде тарады. Сонда ескі үйлердің тағдыры кімнің бақылауында деген сұрақ туындайды. Қауіп күшейіп тұрғанда жауапты мекемелердің әрекетсіздігі халықтың ашуын тудырып отыр. Видео: bekmagambetov.aman
