«Бүгінгі ғылымды шенеуніктер басқарады»: Экономист аталмыш саланы қатаң сынады (ВИДЕО)

Фото: видеодан скрин

Экономист, сарапшы Жанкелді Шымшықов Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақстандағы ғылым саласының жағдайын қатаң сынға алды. Оның айтуынша, ғылымға бөлінетін қаржы тым аз, ал жүйені ғалымдар емес, шенеуніктер басқарып отыр. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

 

“Көп елдерде ғылымға 5 пайыз жұмсалады, ал кейбір елдерде 7 пайызға дейін көтеріліп жатқанын көреміз. Ал бізде 0,14 пайыз ғана. Бір пайызға да жетпейді. Енді осындай жағдайда ғылым қалай дамысын? Сол 0,14 пайыздың өзі талан-таражға түсіп жетпейді. Неге? Өйткені бүгін ғылымды ғылыми қызметкерлер емес, шенеуніктер басқарады”, – деді ол.

Шымшықов кеңес дәуірінде Қазақстан ғылымы жоғары деңгейде болғанын еске салды.

“Біздің ғылым Кеңес одағы кезінде өте дамыған еді. Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында Қазақстан тұрды. Бұл Қаныш Сәтбаев салған жолдың нәтижесі. Ғылым академиясы өте беделді ғылыми ұйым болды. 10 оқтың 9-ы Қазақстанда өндірілуі, соғыс болған жердегі зауыт пен фабриканың бізге көшірілуі соның барлығының ғылыми негіздемесі болды. Ол кезде Ғылым академиясы өндіргіш күштерді орналастырумен айналысты.

Қазір Қазақстанда өндіргіш күштер қалай болса солай орналастырылып жатыр. Барлығы жүйесіз жүріп жатыр. Неге? Өйткені ғылым академиясын жауып тастаған. Кім? Бұрынғы президнентіміз. Кез келген білімі бар адам таласқыш келеді. Олар билікпен тоғысқан бір арнада бола бермейді. Сол кезде дау мен талас туады. Пікірталас – дамудың қозғаушы күші. Ақылды адам үшін бұл пайдалы. Ал әлсіз басшы керісінше қарсы пікірді жоюға тырысады. Менің ғылыми бағытым – бәсекелестік. Табиғаттың өзінде сұрыпталу бар. Сол арқылы даму жүреді. Қоғамда да солай. Адамдар бір-бірінен кем болмауға тырысады. Бұл – бәсекелестік. Егер бәсекелестік болмаса, даму болмайды, кері кету басталады. Кеңес одағының күйреуінің негізгі себептерінің бірі – бәсекелестіктің жойылуы”, – деді сарапшы.

Экономист неліктен біздің кәсіпкерлер отандық ғалымдардың жобаларына қызықпайтынын түсіндіре кетті.

“Өйткені Ғылым академиясын жауып тастады. Сендердің ілімдеріңнің керегі жоқ, шетелдікі жетіп жатыр деді. Әсіресе экономика ғылымы зардап шекті. Өйткені ол нақты есепті, дәл статистиканы талап етеді.  Ал біздегі статистиканың көбі шынайы емес. Сол себепті ғылыми қорытынды жасау қиын. Ресми көрсеткіштерді жақсы көрсетеді, ал былай қарасаң құлазып кетесің. Сондықтан кәсіпкерлер де сенбейді. Қолдағы мәліметтер нақты емес.

Бұрынғы президент сендердің ғылымдарың 5 тиынға қажеті жоқ деп көп айтты. Бидайың да, етің де керек емес мұнайды сатамыз да жарылқаймыз деген.  Дубайдың деңгейіне көтереміз деген көп дақпырт айтылды.
Сондықтан да, егер билік ғылымды қолдамаса, мойындамаса, ғылымнан қорқатын болса, онда мемлекет те алға баспайды. Ол алға басу үшін билікте ақылды адам отыруы керек. Ақылды билік ғылыммен бірге жұмыс істейді, пікір алмасады. Сол кезде ғана даму болады”, — деді сарапшы.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика