Тоқаев ғалымдардың жұмысын сынады: «Экономикалық әсері жоқ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылданып жатқан шараларға қарамастан, ғылыми әзірлемелерден экономикалық пайданың жоқ екенін айтып, бұл салаға жаңа тәсіл қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Президенттің айтуынша, инновациялық саясатты жүргізу құзыреті Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілген, «Индустриялық PhD» мамандарын даярлау бағдарламасы іске қосылған, іргелі зерттеулерді тұрақты қаржыландыру тетігі енгізілген және жетекші ғалымдардың еңбекақысын төлеудің жаңа әдістемесі заңмен бекітілген.

«Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, ғылыми әзірлемелерден ауыз толтырып айтарлық экономикалық әсер әзірге жоқ. Бұл жағдайдың себептерін анықтауымыз керек. Ғылым академиясы, тиісті институттар, ғалымдар мен бизнес-қоғамдастық осы тығырықтан шығаратын ұсыныс беруге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды қолға алу бұрыннан орындалуы тиіс міндет екенін еске салды. Ол ғылым мен инновацияға келетін инвестицияны еселеу стратегиялық мақсат екенін, бұл іске жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлер де белсене араласуы керегін атап өтті.

«Ғылым – жалпыхалықтық іс. Мәселені осылай төтесінен қоюмыз керек. Үкімет ғылымды басқарудың нәтижеге құрылған және бизнеспен серіктестікті дамытуды көздейтін тиімді моделін жасақтауы керек», – деді Президент.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика