Фото: видеодан скрин
Шымкент қаласында жаңбыр жауған сайын кейбір көшелердің өзенге айналатыны тұрғындарға жақсы таныс мәселе. Әсіресе Таскен шағынауданындағы Мейрам-Байлық көшесінде жауын суы жол бойына жайылып, көліктер мен тұрғындарға қиындық туғызуда. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Кадрлардан көшенің шетінде пайда болған шұңқырдан су атқылап, жол жиегі түгел суға толып жатқанын көруге болады. Мұндай жағдай тек көшеде ғана емес, жеке үйлердің ауласына дейін су кіріп, ғимараттарға қауіп төндіріп отырғанын тұрғындар айтып отыр.
Желі қолданушыларының айтуынша, қаладағы су жүйесіне жауапты мекемелер мәселені ұзақ уақыт бойы шешпей келеді. Тұрғындар бұрын қала балансында болған ирригациялық және су жүйелері жекеге өтіп кеткенін айтып, енді оған кім жауап беретіні түсініксіз екенін алға тартады.
Қала тіршілігіне жауапты бес басқарма барын еске салған желі қолданушылары, осындай қарапайым мәселенің шешілмей отырғанына таңғалады. Жауын жауса көшелердің суға толуы – қала инфрақұрылымындағы әлсіздікті көрсететін жағдай. Сондықтан тұрғындар жауапты мекемелер нақты шара қабылдай ма деген сұрақ қояды.
Видео: kaira_kariba
